«Такси бағасы 30-40 %-ке өсуі мүмкін». Бұл туралы жалдамалы көлікпен табыс тауып жүрген такси жүргізушілері айтты. Бүгінде үкімет таксомоторлық компаниялар үшін көлікті лизингке сатып алуға арналған субсидияларды тоқтатуды қарастырып жатыр. Нәтижесінде көлікті жалға алу ақысы артып, таксистердің табысы азаяды. Ал бұл жағдайда жүргізушілер «тығырықтан шығу үшін тарифтерді көтеруді талап етеміз» дейді. Бұл өз кезегінде қымбатшылыққа әкеп соғады. Айта кету керек, қазіргі таңда 18 мыңға жуық такси жүргізуші жалдамалы көлікпен жүреді.Нұрлан ЕРЖАН, ТАКСИ ЖҮРГІЗУШІСІ: Қазіргі таңда жалға алған көліктерге 12.000 теңге төленсе, ертеңгі күні мемлекет тарапынан субсидия алынатын болса, 18.000 теңгеге көтерілмек. Бұл дегеніміз қарапайым таксистердің қалталарына ауыртпалық түсіруде. 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап бұл күшіне енуі мүмкін. Сондықтан да бұл субсидияны алмаса екен. Ертеңгі күніне алаңдаушылық білдірген такси жүргізушілері мемлекет тарапынан субсидиялау тоқтатылса, күнімізді көре алмай қаламыз деп жанайқайларын жеткізді. Айтуларынша, олар тапқан табысының жартысына жуығын жалға алуға, амортизация, жанар-жағармай мен агрегаторларға береді. Нұркен ТӘЖІБАЙ, ЖҮРГІЗУШІЛЕР КӘСІПОДАҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Мемлекеттік бағдарламаны алып тастайтын болса, күніне 7000 теңге емес, 5000 теңге немесе одан да аз ақша табатын боламыз. Күн-түнге қарамастан жұмыс істесек те, отбасымызды асырай алмай қаламыз. Сондықтан билік өкілдерінен бұл мәселені қайта қарауды талап етеміз.

«Такси бағасы 30-40 %-ке өсуі мүмкін»,- жүргізушілер кәсіподағының атқарушы директоры
Жаңалықтар


































