Әнші Бақыт Шадаева дінге бет бұрғаннан кейін сахнаны харам санайтындарға қатысты пікір білдірді. "Су ішкен құдығыңа түкірме" деген бар. Егер сахнаны харамға баласа, өздері сол харамнан шыққан жоқ па?! Талантты Құдайдың өзі берсе, ол қалай харам болады? Нағыз харам - ол екіжүзділікте. Үлкен еңбекпен жеңіске қол жеткізген адам - әр жетістігінің қадірін біледі. Қазіргі жастардың еш нәрсенің қадірін білмей, таңдауынан танып шығуы - барлығына оңай қол жеткізгенінде. Дипломды сатып алған адамның мамандығына адал болуы екталай. Ал нағыз әртіс өнерге ынты-шынтысымен, ұзақ жылдық дайындықпен келеді. Ондай жандар сахнадан сүйресең де кетпейді", - деді Бақыт Шадаева. Сонымен қатар әнші бірнеше рет үй тазалаушысын алып, хиджаб киген қыздардан көңілі қалғанын жеткізді. "Шынымды айтсам, өз басым хиджап киген қыздардан көңілім қалған. Адал болар деп, оранғандардан талай үй тазалаушы алып, тақырға отырып қалдым. Ата-бабаларымыз да намаз оқып, құлшылық етіп өтті ғой. Бірақ "жан баласына адал бол", "ешкімнің ала жібін аттама" деп, ар мен ұжданды, ел мен жерді алға қойған жоқ па? Түбі осылай кете берсек, Ауғанстанның күйін кешеміз бе деп қорқамын. Одан да оқып, білім алып, өнер үйреніп, ғылым мен технологияның көзін тауып, алға жылжудың қамын ойластырайық", - деді әнші.