Талдықорған полиция бөлімінің бастығы әйел зорлады деген күдікпен ұсталды.Бұл туралы Жетісу облыстық полиция департаменті мәлім етті. «Талдықорған қалалық полициясының бастығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол облыс орталығының 27 жастағы тұрғынын зорлады деген күдікке ілінді. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 2-бөлігі (Қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасалған адам зорлау ісі) бойынша қылмыстық іс қозғалды», - делінген өңірлік ПД хабарламасында. Істің мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде қажетті сараптамалар тағайындау арқылы зерделенеді. «Қылмыстық істі тергеуді ҚР Ішкі істер министрлігі ерекше бақылауға алды», - делінген ПД хабарламасында.