Алматы облысы Талғар қаласында Қарақұл Татанұлы атындағы еркін күрестен облыстық турнир өтті. Спорттық сайысқа Алматы және Жетісу облысы мен Алматы қаласынан 300-ден астам жеткіншек қатысты. 10-13 жас аралығындағы спортшыларға арналған шара биыл үшінші рет ұйымдастырылды. Темірлан Кенжеқарай - 11 жаста. Ол Алматы облысының Жамбыл ауданынан келген. 30 – шы салмақта күрескен жеткіншек қарсыласын басып озып, 1-ші орынға ие болды. Темірлан КЕНЖЕҚАРАЙ, ЖЕҢІМПАЗ: Мен осы жарысқа 1-2 айдай дайындалдым. Медаль алғаныма өте қуаныштымын. Өскенде олимпиада чемпионы болғым келеді. Еркін күреске 4 жылдай қатысып келемін. Көптеген жарыстарды ұтқам. Көбінесе 1-ші орындар. Балалар жалпы саны 14 салмақ бойынша күресті. Екі күнге созылған сайыстың жеңімпаздарына алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды. Бұл игі шараның өтуіне облыс әкімдігі, сондай-ақ отыз ұлымен бірге Отан үшін шайқасқан әйгілі батыр Қарақұл Татанұлы атындағы қор атсалысты. Нұрболат КӘРІМОВ, ТАЛҒАР АУДАНЫ ЕРКІН КҮРЕС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: Биылғы жылы еркін күрестен бір баламыз әлем чемпионы болды. Сол сияқты әлем чемпионы болып, болашақта әлем шыңдарын бағындырсын деп балаларға осындай мотивациялық турнирлер өткізіп жатырмыз. Бұл турнирдің басты мақсаты – жастарды спортқа баулу, патриоттық сезімін ояту. Ұйымдастырушылар келер жылы турнирді республикалық деңгейге шығаруды жоспарлап отыр.