Таразда 11 жастағы бала әпкесінің телефонынан полицияға қоңырау шалып, лаңкестердің мектепке шабуыл жасағанын айтқан. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті.«Қоңырау түскен бойда барлық шұғыл қызметтер көрсетілген мекенжайға тез арада жетіп, оқу орнынан 750 адам эвакуацияланды. Полиция қызметкерлері бүкіл ғимаратты және оған іргелес аумақты толық тексерді. Тексеру нәтижесінде қандай да бір зат пен бөгде адамдар анықталған жоқ. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында тәртіп сақшылары бұрын осы мектепте оқыған кәмелетке толмаған баланы ұстады», - деді ол ІІМ баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте. Оның атап өтуінше, психологтың, ата-анасының және мұғалімнің қатысуымен жүргізілген әңгімелесу барысында кәмелетке толмаған бала әпкесінің ұялы телефонынан қоңырау шалып, қалжыңдамақ болғанын жеткізген. «Осы факті бойынша ҚК-нің «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» 273-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл ретте терроризм актісі туралы жалған хабарламалар таратқаны үшін жаза өте қатаң екенін ескертеміз. Ол бес мың АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасын көздейді. Егер қылмысты кәмелетке толмаған бала жасаса, жауапкершілік оның ата-анасына немесе заңды өкіліне жүктеледі», - деді Шұғыла Тұрлыбек.