Таразда жолда жүру ережелерін өрескел бұзып, оны әлеуметтік желіге жариялаған 18 жастағы жүргізуші полиция қызметкерлерінің назарына ілікті. Нәтижесінде «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасының барысында жылдамдықты жақсы көретін жасқа бірден 5 түрлі айыппұл салынды.«Аталған дерекке қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-бөлігі (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 593-бабының 2-бөлігі (Қауiпсiздiк белдіктерiн пайдалану қағидаларын сақтамау), 596-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу), 599-бабының 1-бөлігі (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамай өту), 606-бабының 1-бөлігі (Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жүргізуші өз кінәсін мойындады. Көлік құралы айыптұраққа қойылды», – делінген Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. Жас жүргізуші енді 5 хаттама үшін 120 750 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады.