Еліміздің Олимпиадасы саналатын алтыншы Жазғы Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі Тараз төрінде өтті. Төрт жылда бір рет болатын бұл спорт додасына биыл ерекше көңіл бөлініп отыр. Бәсекеде еліміздің барлық аймағынан келген мыңнан астам мықты спортшылар бақ сынайды.Спартакиаданың алауын жақында ғана Әлем чемпионы болған жамбылдық боксшы Аслан Шымбергенов жақты. Салтанатты шарада 400-ге жуық адам түрі қойылымдар қойды. Спорттық мерекенің көркін қыздырды. Енді еліміздің әр аймағынан келген спортшылар спорттың 27 түрінен өзара мықтыны анықтайды. Асхат ОРАЛОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ: Спартакиаданың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының жазғы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларына ең мықты спортшыларды жасақтау және халықаралық ресми жарыстарға, оның ішінде Парижде өтетін 2024 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялық жарыстарға қатысуға үміткерлерді анықтау. Жазғы спартакиаданың ашылу салтанаты Жамбыл жерінде өтуі бекер емес дейді аймақ басшысы. Әулие ата өңірі бұл салада табысты талай спортшыны түлеткен қасиетті мекен екенін алға тартты. Нұржан НҰРЖІГІТОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ: Спартакиаданың ашылу салтанатының киелі Жамбыл жерінде өтуі біз үшін зор мақтаныш, мерейлі мәртебе. Тараз топырағы – талай талантты спортшылардың томағасын сыпырып, түлеткен қасиеттi мекен. Бұл тұрғыдан біз олимпиада жұлдыздарымен мақтана аламыз, олардың жеңісті жолы – жас ұрпаққа үлгі. Салтанатты шараның ашылуына Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында алтын мен күміс жүлде иеленген жамбылдық қос боксшы бапкерлерімен бірге келді. Оларға Президенттің "Құрмет" грамотасы табыс етілді. АСЛАНБЕК ШЫМБЕРГЕНОВ, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ: Бұл спартакиада 10 жыл бұрын тоқтап қалған. Қазір қайтадан жаңартылып жатыр. Бұл өте жақсы. Жас спортшыларға былай айтқанда спортпен шұғылдануға үлкен мүмкіндік, үлкен мотивация. Айта кетейік, волейбол, дзюдо және су добы жарыстары Жамбылда өтеді. Шарада эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп, мерекелік отшашу шашылды.