Таразда есірткі жасырып кетушіден 200 орам “синтетика” тәркіленді, деп хабарлайды Polisia.kz.Жамбыл облысы полиция департаменті және Тараз қаласы прокуратурасының қызметкерлері облыс орталығының Абай көшесінде жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 24 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ер адамнан ішінде ұсақ кристалды ұнтақ зат бар буып-түйілген 200 орам табылып, тәркіленді. Сондай-ақ оның тұрғылықты жерін тінту барысында ішінде ірі кристалды ұнтақ заты бар 3 пакет, екі орам ас үй фольгасы, электрондық таразы, 1000 дана “ZIP” пакет және түрлі-түсті 20 изолентасы бар полиэтилен пакеті табылды. Тергеу барысында ер адам әлеуметтік желідегі қосымшалардың бірінде тіркелгенін көрсетті. Онда белгісіз адам оған есірткіні барып алу керек орындар көрсетілген мекенжайлардың суреттерін жіберіп отырған. Содан кейін оларды буып-түйіп орап, тапсырма бойынша жасырын орындарға қоюмен айналысқан, әр таратылған тауар үшін картасына төлемақы түскен. Сараптама қорытындысына сәйкес, табылған заттар жалпы салмағы 52,57 грамм “Альфа-PvP” синтетикалық есірткісі. Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Күдікті кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққк алынды, – деді Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.