Таразда жүргізуші куәлігін бірнеше жыл бойы саудаға салған қылмыстық топ ұсталды,-деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы. Күдіктілер қатарында халыққа қызмет көрсету орталығының басшылары да бар. Олар лауазымды қызметін теріс пайдаланып, оқыту сабақтарының сертификатын сұрамаған. Тіпті, көлік басқаруды тәжірибе жүзінде тексермей, куәлік санаттарын ақшаға сатып келген. Сондай-ақ, сыбайластар арасында Жамбыл,Түркістан облысы және Алматы мен Шымкент қалаларының тұрғындары бар. Бетін тұмшалаған арнайы жасақ біразын жұмыс орнынан, кейбірін тұрғылықты жері бойынша тұтқындады. Ал полиция құрықталғандардың қанша млн теңге табыс тапқанын әзірге құпия қалдырып отыр,-дейді облыстық ПД бастығының орынбасары Алмаз Саламатов.Тіркелген қылмыстық істер аясында тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазіргі уақытта жүргізуші куәліктерін заңсыз берудің 35 дерегі анықталып, қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен орындаушылар уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.