Қамауда отырған шенеуніктің тағы бір қылмысы әшкере болды. Тараз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы осыған дейін жарықтандыру мен бағдаршамға бөлінген 116 миллион теңгені жымқырды деп айыпталған. Тергеу бітпей жатып тағы бір іске қатысы бары анықталған. Ол жол жөндеуге бөлінген 34 миллион теңгені қалтасына басқан. Үш көшені қағаз жүзінде жөнделді деп көрсеткен. Бір қызығы, екі шаруаны да бір кәсіпкермен ауыз жаласып жапқан. Сыбайластар сотталды. Ақберген МҮЛКІМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: ҚК 189 бабы 4 бөлігінің 2-ші тармағымен кінәлі деп танылып, осы уақыт бойынша оларға 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тергеп-тексеру барысында мемлекетке келтірілген шығын толығымен өтелді.