ТАШКЕНТТЕ МЕДАЛЬ ЖАУҒАН КҮН: ТАНИЕВА ПАРИЖГЕ БАРАДЫ, ЕРТАЙҚЫЗЫ ЕРЛІК ЖАСАДЫ

Өзбекстан астанасы Ташкент көркем гимнастикадан Азия біріншілігін абыроймен атқарды. Аталған дода Әлия Юсупова бастаған Қазақстан командасы үшін сәтті аяқталды. Ташкент төрінен құрлық жарысының бас жүлдесінен бөлек, Париж Олимпиадасының жолдамасын да иелендік. Қазақстан командасының үздігі Эльжана Таниева бапкерлер мен жанкүйерлер үмітін ақтап, Олимпиадаға іріктеуден өтсе, талантты спортшы Айбота Ертайқызы Азия біріншілігіндегі барлық жүлде жиынтығын жеңіп алды. Жасөспірімдер құрамасы мен топтық жаттығудағы қыздарымыз да құр алақан емес. Olympic.kz ең сұлу спорт түріндегі тамаша жетістікке шолу жасады.Айботаның алғашқы биігі Ташкенттегі Азия чемпионаты сары құрлықтағы 17 елден келген 40 спортшының басын қосып, жекелей сында Қазақстан намысын Эльжана Таниева мен Айбота Ертайқызы қорғады. Құраманың бірінші нөмірі Эльжананың лицензиялық турнирге қатысатыны әу бастан белгілі еді. Ал құрлық додасына қатысатын екінші гимнаст спорттық тәртіп бойынша әділетті түрде таңдалды. Әлия Мақсұтқызы үш спортшыға талап қойып, кім жеңіске көбірек жетсе, соның Азия чемпионатына қатысатынын ашып айтты. Нәтижесінде, Милана Парфилова, Эрика Жайлауова және Айбота Ертайқызы үштігінен соңғысы оза шапты. Айбота өзіне сенім артқан жандарды жерге қаратқан жоқ. Бапкерлер құрамы да, жанкүйерлер мен сарапшылар да Ертайқызының өнеріне тәнті. Айбота көпсайыста бесінші орын алса, жекелеген жаттығулар бойынша өткен финалда үш медаль жеңіп алды. Атап айтар болсақ, таспамен жаттығуда алтын медаль иеленіп, тұңғыш рет Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар, доп жаттығуынан күміс, шығыршықпен жаттығуда қола жүлде иеленді. «Бапкеріммен бірге атқарған еңбегіміз жемісін беріп, Азия чемпионатында алғаш рет жекелей сыннан медаль алғаныма өте қуаныштымын. Таспамен жаттығудан чемпион атанамын деп ойлағаным жоқ. Бұл күтпеген сый еді. Мұндай ірі жарыстан жеңіп алған бірінші алтын жүлдем. Қолдау көрсеткен барша жанға рахмет. Алдағы жоспарлар әзірге белгісіз. Бапкеріммен ақылдасып, келесі жарыстарға дайындаламыз», - дейді спортшы. Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Юсупова да Айботаның құрлық чемпионы атанғанына қуанышты. «Айбота Ертайқызы жақсы өнер көрсетіп, таспамен жаттығудан Азия чемпионы атанды. Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай. Себебі, біздің шәкірттеріміз әлемдік жарыстарда биіктен көрінсе, еңбегіміздің ақталғаны деп білемін. Біздер, бапкерлер, сол үшін жұмыс істейміз, гимнастарымыз шыңға шықсын деп тер төгеміз. Айботаның лицензиялық Азия чемпионатына екінші нөмірлі спортшы ретінде қатысу құқығына лайық екенін бапкеріне де айттым. Құрлық чемпионатына қатысатын спортшыны үш гимнастың арасынан таңдап алғанымды білесіздер. Әрине, оларды нәтижесіне қарап таңдадым. Қыздарға да, жеке жаттықтырушыларына да кім жақсы нәтиже көрсетсе, Ташкенттегі Азия чемпионатына баратынын түсіндірдім. Міне, Айбота Ертайқызы алға суырылып шығып, әділетті түрде құрлық біріншілігіне қатысты. Оны бекер таңдамағанымызды да көріп отырсыздар, Азия чемпионы атанып, тағы екі медальға қол жеткізді», - дейді Әлия Мақсұтқызы. Дәстүр жалғасты: Эльжана Таниева Парижге барады Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы 2004 жылғы Афины Олимпиадасынан бері жазғы ойындарға үздіксіз қатысып келеді. Афины мен Бейжің (2008) Олимпиадаларында Әлия Юсупова ел намысын абыроймен қорғаса, Лондонда (2012) Анна Алябьева, Риода (2016) Сабина Әшірбаева, Токиода (2020) Алина Әділханова сынға түсті. Міне, осы спортшылар қатарына енді Эльжана Таниева да қосылмақ. Қазақстандық спортшы Париж Олимпиадасының жолдамасын ең соңғы іріктеу турнирінде жеңіп алды. Бұл спортшыға да, құрама бапкерлеріне де психологиялық тұрғыдан оңай болмағаны анық. Себебі, Испанияда өткен әлем чемпионатында Таниева ойдағыдай нәтиже көрсете алмады. Сондықтан, құрлық біріншілігінде сарапқа салынатын жалғыз жолдаманы жеңіп алу үшін аянып қалмады. Жолдама біреу болғандықтан, қателесуге болмайтынын да Эльжана жақсы түсінді. «Азия чемпионаты аяқталып, көпткен күткен Олимпиада жолдамасына қол жеткізгенім үшін бақыттымын. Бапкерім Әлия Мақсұтқызымен бірге бұл жарысқа тынбай дайындалдық. Бағдарламаның бір жерін қиындатып, бір жерін ауыстырып, тұрақтылықты реттеуге күш салдық. Ұзақ сөйлестік. Бәрінің сәтті аяқталғанына, көпсайыстағы төрт бағдарламаны да қатесіз орындап шыққаныма қуаныштымын. Көпсайыстан алтын алғаным да мерейімді өсіріп тастады, бұлай болады деп ойламап едім. Көптен күткен квотаға қол жеткізгенімізге әлі де сене алар емеспін. Әлем чемпионатынан кейінгі жарты жыл моральдық тұрғыда оңайға соқпады. Жолдама мәселесі шешілмеген соң, арқамда жүк тұрғандай болды. Енді, міне, бәрі ойдағыдай аяқталды. Париж Олимпиадасына дейін жаттығуды қиындатарымыз анық. Қазір бәрін көргім келеді. Кешегі жеңістен соң, жазғы ойындарға қатысатын болған соң, одан әрі жігерлене түстім», - дейді Эльжана Таниева. Ташкенттегі Азия чемпионатындағы көпсайыс қорытындысы бойынша Эльжана Таниева 133.40 ұпай жинады. Ол барлық жаттығу бойынша финалға шығып, шығыршықпен алтын, доппен қола медаль иеленді. Сонымен қатар, командалық есепте Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. «Эльжана Азия чемпионатына жақсы дайындалды. Бұл соңғы мүмкіндік екенін жақсы түсіндік, бар күшімізді салдық. Егер осында жолдама алмасақ, Олимпиададан сырт қалатынымыз анық еді. Әрине, дайындық кезінде сұрақ көп, бәрінің жауабын шешуге тырыстық. Жақсы нәтиже көрсетіп, жолдамамен оралдық», - дейді бас бапкер. Топтық жаттығу: Азияда алғашқы үштіктеміз Топтық жаттығудағы нәтижеміз де жаман емес. Ресейлік маман Инна Быстрованың жетекшілігімен жаттығатын қыздарымыз Ташкенттегі Азия біріншілігінде көпсайыстан қола жүлде жеңіп алды. Одан бөлек, бес шығыршықпен жаттығуда да үздік үштікке енді. Әзірге, топтық жаттығудан Олимпиада жолдамасына таласа алмаймыз. Бірақ Инна Быстрованың келуімен Қазақстан құрамасының нәтижесі жақсарғанына ешкім күмән келтірмейді. «Біздегі топтық жаттығудың рейтингі төмен болатын. Әлемдік жарыстарда көзге түсе алмадық. Сондықтан, өте білікті маман, ресейлік Инна Быстрованы құрамаға шақырту керек деп шештім. Ол команданы жаттықтырып қана қоймай, біздегі бапкерлерге де білгенімен бөліседі. Осыдан соң, өзіміздің жаттықтырушылардың да деңгейі өсетіні анық. Быстрова Жапония құрамасын жаттықтырып, Рио Олимпиадасында үздік бестікке енгізген маман. Біздің құраманы қолға алғанына екі жыл болды. Әрине, көркем гимнастикада нәтиже шығару үшін екі жыл өте аз уақыт. Десе де, біздің топтық жаттығудағы бағытымыз түзеліп қалды. Команданың іргетасы қалыптасты. Олимпиада жолдамасына үміткер болмасақ та, өз деңгейімізді әлдеқайда көтердік», - дейді Юсупова. Топтық жаттығуда Қазақстан намысын Аяулым Кәдір, Аружан Қалсаева, Ақсұңқар Әбдірахман, Баян Қойбағар, Мария Корниенко, София Ан қорғады. Жасөспірімдердің қадамы нық Ташкентте лицензиялық Азия чемпионатымен қатар, жасөспірімдер арасындағы құрлық біріншілігі де өтті. Аталған сында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы айтарлықтай табысты өнер көрсетті. Олар командалық көпсайыста чемпион атанды, топтық жаттығуда көпсайыстан күміске қол жеткізді, бес шығыршық және он ұршық жаттығуымен финалдық сында екінші орынға табан тіреді. Жекелей сында Ақмарал Ерекешева мен Дария Көшербаева көзге түсті. Ерекешева таспамен жаттығуда Азия чемпионы атанып, доппен жаттығуда күміс жүлде тағынса, Көшербаева шығыршықпен жаттығуда қолаға қол жеткізді. Әлия Юсупова жасөспірімдер командасының жетістігін жоғары бағалады. Лицензиялық Азия біріншілігі аяқталды. Қазір ересектер командасының алдында екі маңызды жарыс қалды. Бірі – Италияда, екіншісі – Румынияда өтетін әлем кубогі кезеңдері. Аталған турнирлерден соң Эльжана Таниеваны Олимпиада ойындары күтіп тұр. Нағыз қарбалас енді басталады. Қиын да қызықты жолда Эльжана мен бапкерлеріне сәттілік тілейміз. 

Читать источник astanatv.kz/kz/
“100 мың доллардан аз болса, үйден де шықпаймын” – Джон Джонс
Жылыойда теріарқылы коронарлық араласу орталығы ашылды
Azerbaijan Airlines қаза тапқандардың отбасына 12 миллион теңге өтемақы төлейді
Еліміздің басым аумағында қар жауады
Жезқазғанда тұрғын үйдегі өрттен 28 адам эвакуацияланды
Жыл қорытындысы: Білім беру жүйесіндегі қазіргі тенденциялар – инклюзивті оқытудан цифрландыруға дейін
Ауыл шаруашылығы техникасы паркі 5,5 % жаңартылды
Ақтөбеде мұғалім мен техник есірткі жасап, адам өлтірумен айналысқан
2 млн га астам жер мемлекеттік меншікке қайтарылды
Оқушыны жезөкшелікке мәжбүрлеу ісі: қызды есірткі тұтынуға көндірген адам сотталды
Павлодарда балаларға арналған екі оңалту орталығы ашылды
“Жалғыз өзі тірі қалған“. Ұшақ апатынан аман қалғандардың шынайы оқиғалары
«Екі күннің бірінде жылап жүрмін»: танымал әзілкеш шаңырағы шайқалғалы тұрғанын айтты
Бүгін бес қалада ауа сапасы нашарлайды
"ҚазАвтоЖол" жолдардағы ахуал туралы таңғы мәліметті жариялады
Көшеде түкіретіндер қалай анықталады?
«Қар, көктайғақ, тұман»: Еліміздің басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды
Ұшақ апатын тергеу қай елдің құзыретінде болатыны белгілі болды
Қар, бұрқасын, тұман: 27 желтоқсанға ауа райы болжамы жарияланды
Шымкенттегі медициналық ұйымдарға 22 жаңа жедел жәрдем көлігінің кілті табысталды
Шымкенттегі медициналық ұйымдарға 22 жаңа жедел жәрдем көлігінің кілті табысталды
Бүкіл бортты аман алып қалған. Ұтқыр шешімімен тарихта қалған ұшқыштар
Вайнер Мейірхан Шерниязов мерзімінен бұрын бостандыққа шықпайтын болды
Жылыойда теріарқылы коронарлық араласу орталығы ашылды