Тасқын судың кесірінен Астана іргесіндегі Тайтөбе ауылындағы жол бұзылды. Бірақ жолды жарып тастаған су емес, жергілікті әкімдік өкілдері. Бұған себеп – Нұра өзенінің тасуы. Қауіптің алдын алу үшін мамандар осындай қадамға барған. Су басуы мүмкін деген ауылдағы жағдайды тілшіміз Мөлдір Жақан біліп келді. Күні кеше ғана Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Нұра өзенінен тасқын қаупі төніп тұрғанын айтқан еді. «Осының салдарынан Астана іргесіндегі Қошқарбаев, Қосшы, Тайтөбе елдімекендерін су басуы мүмкін»,- деді. «Сондықтан жергілікті атқарушы органдар тиісті шараларды қамтамасыз ету керек»,- деп тапсырды. Тапсырма берілгені сол – ақ еді, шаш ал десе бас алатын мамандар өзенді жарып өтетін жолдағы құбырларды аздық етті ме, әйтеуір, жолды қақ ортасынан бөліп тастаған. Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Министрдің алаңдайтыны жөн-ақ екен. Екі жыл бойы келмеген Нұра өзенінің суы биыл тасып, ауыл жаққа қарай лап берген. Бірнеше күн бұрын ғана мұнда құрғақ, теп - тегіс дала болғанын елестетудің өзі қиын. Енді тұрғындар «бұл су үй ішіне де кіріп кете ме» деп қорқып отыр. Райнгольд ПЕТХЕР, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Әрине, қорқынышты. Мұндай ірі көлемде су келетінін күтпедік. Шыны керек, абдырап қалдық. Саден ОМАРБЕКОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ: Биыл су көп, ол рас. Қорқыныш бар ғой, әрине. Мұндай көп су келгеннен кейін оған сенім жоқ. Қазір ауылға секундына 350 текше метр көлемде су ағыны келіп жатыр. Өзеннен келген су былай тұрсын, еріген қар суының өзі жұртты әбігерге салуда. Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында су тасқынының алдын алу шаралары белсенді жүріп жатыр. Оған барлығы 65 бірлік техника мен130-ға жуық адам жұмылдырылды. Нұрадан қауіп осыған дейінде бірнеше рет болған. Парасат ДОСМАҒАМБЕТОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ ТАЙТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Ағымдағы жылдың 31-наурызынан бастап су келе бастады. Су қазір ақырындап күнде көтеріліп жатыр. Елдімекенге су кірмеу керек негізі. Себебі ауылдың су келетін жағында дамба тұр. Енді қазір укреплять етіп жатырмыз бұл дамбаны. Сол үшін қауіп бар деп нақты айта алмаймын. Жергілікті атқамінерлер қауіп сейілді деп сендіргенімен, апат айтып келмейді. Арқаны кеңге салып отыруға болмайтыны анық.