Павлодардағы тергеу изоляторына азамат тауық етіне екі телефон мен үш интернет-роутер жасырып, өткізбек болған, – деп хабарлайды Polisia.kz. Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №63 мекемесінде сәлемдемелерді қабылдау кезінде рентген қондырғысын қолдану арқылы пайдалануға тыйым салынған заттар анықталып, тәркіленді. Екі телефон, үш роутер, сондай-ақ сим-карталарды 44 жастағы павлодарлық әкелген үш гриль тауықтың ішіне айлалы орап, жасырған. – Сәлемдеме денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін жазасын өтеп жатқан 38 жастағы сотталғанға арналған. Тыйым салынған заттар салынған сәлемдемені сотталғанның танысы әкелген. Рентген қондырғысының арқасында сәлемдемені тексеру кезінде тыйым салынған заттар табылып, тәркіленді, – дейді №63 мекеме бастығы Берик Рахимов. Тергеу изоляторының қызметкерлері сотталғандармен және олардың туыстарымен сәлемдемелерді жеткізу және мекемеге бару кезінде тыйым салынған заттарды алып жүруге жол бермеу туралы жүйелі түрде әңгімелесу жүргізеді. Дегенмен, келушілер заң алдында жауапкершілікке әкеп соғатын мұндай құқық бұзушылықтарды әлі де жасайды. Ер адамға қатысты әкімшілік хаттама жасалды. Материалдар сотқа жіберілді.