Тайландтық паралимпиадашы әрі бұрынғы солдат той күні қалыңдығы мен үш қонақты атып өлтіріп, артынан өзіне қол салған. 29 жастағы Чатуронг Суксук пен 44 жастағы Канчана Пачунтуек үш жыл бірге тұрғаннан кейін отбасын құру туралы шешім қабылдайды. Күйеу жігіт той боп жатқан кезде кенет кетіп қалып, қару алып қайтып келеді де, әйелін, оның 62 жастағы анасы мен 38 жастағы әпкесін атып өлтіреді. Тағы екі қонаққа оқ тиіп, ауруханаға жеткізілді. Олардың біреуі мерт болды. Полицияның хабарлауынша, Чатуронг «ішімдікке сылқия тойып алған», бірақ мұндай әрекетке не себепті барғаны белгісіз. Ол қаруды былтыр заңды түрде сатып алған, деп толықтырды олар. Қонақтардың сөзінше, жас жұбайлар сауық кеште дауласып қалған. Сонымен қатар, Чатуронг қалыңдығы екеуінің жас айырмашылығы үшін өзін ыңғайсыз сезінетіні хабарланған. Дегенмен полиция мұның бәрі болжам екенін, айғақтарды жинағанын және жақында істі жабатынын мәлім етті. Чатуронг былтыр Индонезияда өткен АСЕАН паралимпиада ойындарында жүзуден күміс медаль иеленген болатын. Ол шекараны бақылау қызметінде жүргенде оң аяғынан айырылған. Тайландта жаппай атыс жиі кездеспейді, бірақ қару ұстап жүру кең тараған. Өткен айда Бангкоктағы сауда орталығында болған атыс кезінде үш адам қаза тапты. Ал 2022 жылдың қазанында бұрынғы полиция қызметкері балабақшаға қару және пышақпен шабуыл жасап, 37 баланы өлтірген.