Теміртау қаласында екі қабатты ғимаратта газ жарылып, бір адам қаза тапты. Тағы бір әйел ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Кенет жарылған газ қоспасынан ғимарат түгелдей қирап, арты өртке ұласқан. Бұл сәтте бірінші қабаттағы дүкенде сатушы мен тұтынушы тұрған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 30 жастағы әйел зажигалка, яғни шақпақ сатып алып оны тексермек мақсатта тұтандырады. Кенет 2-3 секундта жарылыс болып құрылыс қирайды. Дүкен қызметкерінің мәйіті үйінді астынан табылған. Ал тұтынушы әйелді күйік шалған. Ульяна БАЗАРОВА, ТЕМІРТАУ ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Науқастың әр түрлі дене мүшелері күйген. Жеңіл деңгейде шок алған. Толық тексеріліп, ем жасалып жатыр. Қазіргі жағдайы орташа ауыр. Алдын ала болжам бойынша, дүкенде газ- ауа қоспасы жарылған. Алайда ғимараттың дәл қай жерінен газ шыққаны белгісіз. Құрылысқа табиғи газ тартылған. Екінші қабатында кеңселер, ал астында дүкен мен көлік жөндеу орталығы, яғни техникалық қызмет көрсету станциясы орналасқан. Бекет ішінен жеңіл және Газель жүк көлігі қазылып алынды, сондай- ақ Газельдің газ қондырғысы бары анықталған. Мұнымен қоса ғимараттан зақымдалмаған 50 литрлік пропан газының баллоны табылды. Оқиғаның нақты себебі сараптамадан соң анықталады. Қылмыстық іс қозғалды. Аманбек БЕЙСЕМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Екі қабатты азық- түлік дүкенінде жарылыс орын алып ғимараттың толық қирағаны анықталды. Газ баллоны табылды, бірақ ол бүтін жарылмаған. Нақты жарылыстың неден болғанын білу үшін арнайы сараптамалар тағайындалуда. Тергеп- тексеру жұмыстарының қорытындысынан кейін нақты мәліметті айтамыз».