Тик-ток табыс көзіне айналғалы қашан?! Бұған дейін жастардың желі де отырып, жұрттан ақша сұрайтынын көргенбіз. Бұл үрдістен әжелер де қалыс қалар емес. Бір-бірімен жарысып лайк сұрайды. Балалармен жарысып тікелей эфирде отыратын қариялар жастарға не үйретіп жүр? Тілші материалын көріңіз. Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ: Тик-токтың тікелей эфирі қазір хит. Жасы да, кәрісі де осында отырады. Құр отырмайды, сыйлық сұрайды. Бірақ ол «демеушілер» бәріне бірдей теңгесін шашпайды. Таңқалдыру керексің. Әлгі «әжелер» секілді. Қазақта «қарты бар үйдің қазынасы бар» деген тәмсіл бар. Қазір бұл сөзді «қариясы бар тик-токтың қадірі бар» деп қолданып жүр жұрт. Оған себеп ақжаулықтылардың жаппай әлеуметтік желіге келуі. Әрине, аяқ-қолын ыстық суға малып отыратын шақта қандай ермекпен айналысса да өз еркі. Бірақ «нағыз әженің» бейнесін өзгеше елестетін қазақ қоғамы үшін бұл таңсық дүние секілді. БЛИЦ-САУАЛНАМА: - Өздеріне ұнаса отыра берсін. Мен де отырамын. Әжелер олар да көргісі келеді ғой. Мысалы, Америкада не болып жатыр, Бразилияда не болып жатыр. Олар да білу керек, көру керек. - Дұрыс деп ойлаймын. Барлығы жаңа болып жатыр ғой. Олар да не должны отставать. Қазір барлығы өзгеріп жатыр ғой. Қазақ қоғамы үшін қарт, қария, үлкендердің маңызы зор. Олардың өмір тәжірибесінен көргені, көңілге тоқып, оқығаны жас ұрпақ үшін - сабақ. Ата мен әже білгенін зекімей, парасаттылық деңгейінде жеткізе білетін тұлға. Білмегенді жөнге салады. Тентекті ақылмен тыя біледі. Ел арасындағы ынтымақты ыдыратпай, береке бірліктің бұзылмауына бар күшін салады. Қоғам белсенділері әжелерден осындай өнеге күтеді. Алия НИ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ: Тик-токта мұндай контент көбейіп кетті. Оны дұрыс пайдаланған жөн. Тек әже өзінің қария екенін сезініп, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие берсе екен деймін. Құр сыйлық пен лайк сұрау, үлкендерге жараспайды. Заман талабы десек те, болашақ ұрпақты ұмытпау керек. Бала алдыңғы буынға қарап бой түзейді. Елу жылда ел жаңа. Тек бой түзейтін тұлғалар жастарға дұрыс үлгі болса екен дейсің...