TikTok-та құмар ойын ұйымдастырып, 13 миллион теңге қаржы тапқан алматылықтар 1,5 жылға сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта TikTok желісінде құмар ойындар заңсыз таратылып жатыр."Негізінен бұл карта ойыны, сүйек лақтыру және онлайн рулетка. Барлық жерде принцип бірдей. Бәс тігуге шақырады. Оның төрттен бірі ұйымдастырушыда қалады, қалғанын жеңімпаз алады. Бәс тігулерді қабылдау және ұтыстарды беру банктік онлайн аударымдар арқылы жүзеге асырылады. Желілік талдау нәтижесінде біз онлайн ойынды тарататын 100-ден астам аккаунт анықтадық", - делінген ҚМА хабарламасында.Ведомство өкілдері ұйымдастырушылар мен қатысушылардың әрекеттері заңсыз екенін, ҚР ҚҚ 307-бабында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. Қазірдің өзінде сотталғандар бар."Мысалы, TikTok желісінде құмар ойын ұйымдастырған Алматы қаласының 2 тұрғыны 4 айда 13 миллион теңгеге жуық табыс тапқан. Тергеу қорытындысы бойынша олар 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта сот TikTok желісінде ұқсас мазмұндағы контент үшін 4 ұйымдастырушыға қатысты іс қаралып жатыр", - делінген хабарламада.Агенттік өкілдері қырағы болып, осындай құмар ойындарға араласпауды сұрады. Себебі бұл заңға қайшы. Сондай-ақ, ата-аналар баласының мінез-құлқына, оның көретін контентіне және оның онлайн саудасына назар аударуы қажет.