Дәл қазір Tiktok-та заманауи ене мен келіннің видеосы қызу талқылануда. Олар құдды бір құрбылардай түнгі клубқа бірге барады әрі көңіл көтерген бейнежазбалары интернетте бірнеше миллион қаралым жинаған. Соңғы уақытта желі жұлдызына айналған қос бикеш Stan.kz тілшісіне бүкіл сырын ақтарып, ел естімеген құпиясын ашты.Заманауи ененің есімі – Гаухар Мүлкеманова. Алматылық әйел 42 жаста екен. Ал оның сүйікті келіні атанған ару – Аяжан Құрманбектің жасы 21-де. Tiktok-ты шулатқан олар мұндай видео контентті алдын-ала жоспарлап, кейін ойдағы идеяны іске асырған. Алайда түнгі клубта бірге сайран салған ене мен келіннің бұл қылығы халыққа жақпай қалса керек, түрлі жағымсыз пікір жазып жатыр. "Көбінесе шошақайлар, маймылдар, ерсі, етегі қысқа, клубқа барғыш дейді. Бізге көбінесе дәстүрді сақта деп ақыл айтып жатады. Бірақ біздің ойымызша, үйде келінді тығып ұстағаннан ешқандай пайда жоқ деп ойлаймын. Енемен құрбы сияқты араласу керек. Қазір XXI ғасыр ғой. Орамал тағып, кимешек киіп, үйде отыру мүлдем керек емес деп ойлаймын. Үйде орамал тақпаймын", – дейді заманауи ене мен келін. Бүгінде жігіт пен қыздың әулеті бір-бірімен танысып, араласып тұрғанымен, бірақ екі жас әлі заңды түрде некелеспеген. Гаухар Мүлкеманованың айтуынша, қазіргі таңда келінге күн көрсетпейтін ене көп. "Ең негізгісі – ене мен келіннің қарым-қатынасы жақсы болу керек. Мысалы, қазіргі таңда "келін" деген – күң, құл, үйдің күзетшісі, тамақ пісірушісі, еден жуушысы деген стереотип қалыптасқан. Мен ондайды құптамаймын. Қазіргі заманауи енелер мен келіндер шеберлік сабақтарына, визажист, IT саласы сияқты не нәрсеге қызығушылығы бар, соны оқи беру керек. Неше түрлі бизнес-тренингтер болады. Бір орнында тұрып қалмау керек, дами беру керек. Енесімен дамыса тіпті жақсы. Осы жағынан қазіргі әйелдерде, келіндерде проблема бар. Ашығын айта алмайды, ішіндегі жан-дүниесін ақтара алмайды. Не анасына, не енесіне айта алмайды. Ашық түрде сөйлескен дұрыс деп ойлаймын", – дейді болашақ ене. "Қазіргі келіндердің мәселесі – отбасындағы сырларын өзінің төркініне жеткізіп барады. Ортадағы мәселелерді дұрыс шешпейді. Ұрсысу, сөз қайтару. Ұрыс-керіссіз болмайды. Ол барлық отбасында бар. Сол кезде өте жақсы қарым-қатынаста қалу керек. Ештеңені бетке баспау керек. Сол үшін алдағы уақытта бізде барлығы өте жақсы болады деп ойлаймын", – дейді болашақ келін. Сондай-ақ түнгі клубта бірге көңіл көтеріп, бидің түбін түсірген ене мен келін өздерінің бұл әрекетін жат қылыққа балап отырған жоқ. "Ене мен келіннің түнгі клубта жүргені "норма" деп есептеймін. Өйткені біз таңғы алтығы дейін жүрмейміз. Коктейль, сусыннан ішеміз де, өзімізге ұнайтын бір-екі әуенге билеп, стрессті шығарып, өз көңілімізді көтеріп, шығып кетсек болады. Ол да демалыстың бір түрі. Түнгі клубқа танысу үшін бармаймыз. Келінмен сырласу, энергия алмасу деген сияқты ғой. Басқа ешқандай ерсі қылық жоқ деп ойлаймын", – дейді Гаухар Мүлкеманова. Әлеуметтік желідегі жұрттың назарына іліккен заманауи ене мен келіннің сөзіне сенсек, оларды таныстырып, табыстырған жігіт анасы мен болашақ келіншегінің қарым-қатынасына дән риза екен. "Бақыттан басы айналып жүр. Мысалы, кейбір жігіттер отау құрғаннан кейін анасы мен келіншегінің арасында үлкен шиеленістер, ырылдасулар болып жатады. Жүректері ауырады, екі оттың ортасында жүреді. Біздің жағдайда ол өте қуанып, сүйсініп жүр. Кейбір отбасыларда енелерімен проблема болып жатады. Дұрыс араласа алмайды, құдалармен ұрыс көп болады. Біздің ене мен келін арасында келісіміміз бар. Қанша ұрыс болса да еш жерге шығармай, үндемей осы жерден қоя саламыз", – дейді ене мен келін.