Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2024 жылғы 2 сәуірде Үкіметте өткен брифингте елімізде болып жатқан су тасқынының бұрынғыдан ерекшелігін айтты,- деп хабарлайды Zakon.kz.Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы су тасқынының ауқымы туралы айтып берді. "Біз соңғы 30 жылда қалыптасқан су деңгейін қарастыра отырып, елімізде мұндай көлемді су тасқыны алғаш рет екенін түсінуіміз керек ", – деді министр. Өз кезегінде ТЖ жөніндегі Вице-министр Бауыржан Сыздықов су биыл күтілмеген жерден келгенін мәлімдеді. "Су тасқыны болған 5 облыстағы жағдайды да алып қарасақ, су өзен арналарынан емес, даладан келген. Шыны керек, су күтілмеген жерден келді. Бұған дейін болған барлық су тасқындары өзендермен су қоймаларымен байланысты еді. Ал, бұл жолы су даладан келді. Бұл өзен арналарымен байланысты емес, яғни ол далада үздіксіз жүреді. Табиғат заңдылығы сондай. Естеріңізде болса, қар түскенге дейін жылы ауа-райы болған, барлық жерде жаңбыр жауды, нәтижесінде жердің қатуы әлдеқайда жоғары болды – бұл сол дала сулары", - деді ол.Оның айтуынша, дала сулары ешбір елде ескерілмейді. Қауіпсіздік шараларына дайындық кезінде тек өзендер мен су қоймаларынан келетін жағдайлар есепке алынады екен. Бұған дейін ТЖ вице-министрі 5 облыста су басу жағдайы әлі бар екендігін, әкімдіктермен 20 төтенше жағдай жарияланғанын хабарлаған. Оның айтуынша, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында күрделі жағдай сақталуда.