Батыс Қазақстан облысында жоғалып кеткен ер адамды тікұшақпен іздеп жатыр. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады. Өңірде өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығына байланысты ескертулер жасалып, республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдары жабылған."22 қараша күні кешкі сағар 20:37-де Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы, Ақжайық ауылында таңертеңгі сағат 10.00-де 1961 жылы туған азаматтың жұмыстан шығып жоғалып кеткені жөнінде хабар түседі. Жедел іздестіру жұмыстары жүргізіледі. 23 қараша күні 13 сағат 00 минутта іздестіру-құтқару жұмыстарына Орал қаласының аэропортынан "Еврокоптер" әуе ұшағы көтерілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы экипажда 3 адам, жеке құрамнан 25 адам, 9 техника жұмылдырылды. Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының өзгеруін бақылап, абай болып, енгізілген шектеулер туралы ақпаратпен танысуға кеңес береді", - делінген хабарламада.