Қарызға батқан қалың жұрт банкроттық туралы заңға үміт артады. Қазіргі таңда 40 мыңнан астам ел тұрғыны өтініш білдірді. Алайда оның көбі мақұлдаудан өтпей жатыр. Өйткені заңды дұрыс түсінбеуде. Қаржылық қиындыққа тап болғандардың түйткілін Заңғар Санай баяндайды.Серік Наурызбаевтың басында 5 несие бар. Ісі ілгері баспай, шағын кәсібі тығырыққа тірелген. Бірнеше айдан бері банк алдындағы міндеттемесін орындай алмай отыр. Амалы таусылған азамат өзін банкрот деп жариялауға бел буыпты. Серік НАУРЫЗБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бір өзімнің басымда бірнеше кредит бар еді. Оның көлемі көп. Бес миллионнан асады. Осы заңның аясында мен заңды пайдаланып өзімді банкрот жариялауға арыз жаздым. Қолдау.кз сайтының ақпарына сәйкес, Қостанай облысы бойынша 646 адамнан өтініш түскен. Оның елу сегізіне оң шешім қабылданыпты. Өзін банкрот деп жариялаған адам 5 жылға дейін несие ала алмайды. Қарызы аз болса банкроттыққа арыз жазғаннан гөрі, өтей салғаны өте дұрыс дейді қаржы саласының мамандары. Қырмызы ЖАҢБЫРШИНА, БАНК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ: Халықаралық тәжірибелерді пайдалана отырып бұл заңда үш рәсім негізгі бағыт болып отыр. Біріншісі - сотқа дейінгі банкроттық. Екіншісі - сот арқылы банкроттық. Үшіншісі - азаматтардың төлемін жақсарту. Қостанай облысы бойынша қомақты несиесі бар жеті адам сотқа жүгініпті. Олардың арызы қарастырылып жатыр. Ал сотқа дейінгіге келер болсақ, борышкердің қарызы 5 миллион теңгеден аспау керек. Олар сотқа арыз жазбай-ақ банкроттыққа өтініш жібере алады. Бірақ шектеулер бар. Дәурен РАХАДЕЛОВ, «ЗАҢГЕР» ЗАҢ КОНСУЛЬТАНТТАРЫ ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Осы заңмен шектеулер де көзделген. Солардың бірі ҚР тыс мемлекеттерге шығуға тыйым салынады.Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі бойынша кірістер департаментімен қаржылық мониторинг жүргізіледі. Бүгінге дейін 40 мыңнан астам өтініш түскен. Банкроттыққа арыз жазғандардың басым бөлігі - Түркістан мен Алматы облысының тұрғындары. Алайда халық бұл заңды әлі дұрыс түсінбеуде. Сондықтан арыздың көбі кері қайтарылып жатыр.