Тобыл өңіріндегі алапат өрт тракторшының салғырттығынан тұтанды. Әулиекөл аудандық соты 43 жастағы тұрғынға үкім шығарып, шартты түрде жаза тағайындады. Алапат өртке кінәлі адам анықталды. Ал орман шаруашылығының басшысы әлі тергеу изоляторында отыр. Азаматтық талапсыз астыртын өткен сот жөнінде Заңғар Санай сабақтайды.Елді алаңдатқан алапат орман өрті Қостанай облысы Әулиекөл ауданы аумағында былтыр қыркүйектің 2-сі күні тұтанып, жеті күнде толық сөндірілді. Тілсіз жау 40 мыңға жуық гектарды шарпып өткен. Аманқарағай, Лесное, Озерный секілді үш ауылдың тұрғындары зардап шекті. 91 үй күлге айналды. Тағы 33 үйдің қора-қопсысы мен гаражы, моншасы отқа оранды. 22 көлік, жүздеген түлік жанып кетті. Сот өртке тракторшыны кінәлі деп үкім шығарды. 43 жастағы тракторшы жылжымалы вагонды орманға апарған. Техникасында ақау бар екенін біле тұра, қайтарда ауылға әкелмек болған. Жолда трактор мұржасынан ұшқын атып, от тұтаныпты. Ләззат БАЙҒОЖИНА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ: Іс сотқа сотталушының прокурормен кінәні мойындау туралы процессуалдық келісіммен келді. Сот үкімі 58-баптың 2-бөлігі негізінде 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы түпкілікті тағайындалды. 63-бапты қолданып жаза шартты түрде деп бекітілді. Орман өрті мемлекетке 18 миллиардтан астам теңге шығын келтірді. Тұрғындардың күлге айналған дүние-мүлкі 642 миллион теңгені құрапты. Ал өртті сөндіруге бюджеттен 2 миллиард 680 миллионнан астам ақша жұмсалған. Алапат өртке кінәлі деп танылған әлгі тракторшыға азаматтық талап, яғни шығынды өтеу міндеттелген жоқ. Ал «Басаман» орман шаруашылығының басшысы 5 айдан бері тергеу изоляторында отыр. Адвокатының айтуынша, денсаулығы күрт нашарлап, демікпе дертіне шалдыққан. Үй қамаққа немесе кепілмен босатуға келісім берілмей жатыр, дейді. Сабыржан ИМАНОВ, АДВОКАТ: 2022 жылы желтоқсанның 22 күні Әулиекөл ауданында сот болған. Кінәлі адам анықталып тракторшы сотталған екен. Алайда бас прокуратура, сотқа дейінгі тергеу органдары бұл фактіні жасырды деуге болады. Барлық БАҚ-өкілдері мен арқылы білді. Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ: Алапат өртке қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Әзірге тракторшының ісі ғана сотқа жетіп, үкім шықты. Өрттен зардап шеккен тұрғындар толық өтемақы алып, баспаналы болды. Ал мемлекетке келтіріліген миллиардтаған шығынды кім өтейтіні белгісіз. З. Санай