Қазақстан алдағы 5 жылда агросекторда 2,7 трлн теңге сомасына 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асырады. Бұл туралы Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Ақорда. «Біз 3 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойып отырмыз. Оны іске асыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған ірі инвестициялық жобаларды іске асыру басталды. Алдағы жылдары 115 тауарлы-сүт фермасы салынады. Бұл сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Біз жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасын саламыз. Алдағы 5 жылда Қазақстан агросекторда 2,7 трлн теңге сомасына 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің атап өтуінше, экологиялық таза экспортқа бағдарланған, халықаралық, оның ішінде халал стандарттарына сай келетін бәсекеге қабілетті өнім шығаруға басымдық беріледі. «Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының негізін қалаушылардың бірі саналады. Оның құрамына халық саны 1,5 млрд адамнан асатын 37 мемлекет кіреді. Біздің елдеріміз бұл нарыққа сертификатталған халал өнімдері экспортын бірлесіп ілгерілете алар едік. Біз ресейлік бизнесті осы бағыттағы тығыз ынтымақтастыққа шақырамыз», - деді Мемлекет басшысы.