«Желім мен бояғыш заттарды иіскеп, тәуелді болдым. Соның кесірінен мектептен қуылдым». Алматылық токсикоман өз оқиғасымен осылай бөлісті. Токсикомания деген не? Оған тәуелділік қалай пайда болады? Одан арылу мүмкін бе? Дәрігерлер не дейді? Толығырақ тілші бейнематериалында.Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ: Әр адам өмірінде бір рет болсын осындай бояғыш заттарды, желім немесе жанар-жағармайды иіскеуге әуестенді. Бірақ мұндай қызығушылықтың соңы жақсылыққа апармайтынын көбісі түсіне бермейді. Тұрмыстық химиялық препараттарды мөлшерден тыс иіскеп, пайдалану «токсикоминия» деп аталатын тәуелділікке алып келеді. Көбінде токсикоманияға жасөспірімдер бет бұрады. Тұрмыстық химиялық препараттарды иіскеу барысында адам масаңсып, яғни, эйфорияға түседі. Содан соң есінің шатасуы, бейімделудің жоғалуы, құсу пайда болады. Кейбір заттар, тіпті, ойлау қабілетінің бұзылуын, өзін-өзі бақылаудың жоғалуын шақыруы мүмкін. Алматы қаласының тұрғыны Аманжолдың токсикоманияға бейімділігі 13 жасында басталған. Әуелде ол желім мен бояғыш заттарды иіскеп, кейін ауыр дәрі-дәрмекке көшкен. Аманжол, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Клей момент иіскеп, содан кейін лак, бензин. Гараж, чердак, подвалға барып иіскейсің. Уже бүкіл семьям білді, қиналып жүрді. Үйге сасып келесің, ол иіс 1 аптада кетпейді. Галлюцинация көріп, өзімен - өзің қуып бастайсың. Оқудан шығарып жіберді, мектептен. Содан кейін уже ломка басталды дәріден. Арықтадым, тісім құлады, денем сынып бастады. Қазір бұл мәселені жеңдім. Психолог мамандар бұл тәуелділіктен арылу оңайға соқпайтынын айтады. Арнайы оңалту орталықтарында токсикоманияны кемінде 3 айдан 9 айға дейін емдейді. Жасөспірімдер мұндай қадамға бармас үшін оларды жастайынан спортқа баулу керек дейді. Ирина ШАМШУРА, ПСИХОЛОГ: Жастар бұған жәй ғана қызығушылықтан барады. Бұрын-соңды білмеген сезімдерді бастан кешкісі келеді. Бақыт гормоны бөлініп, биологиялық тұрғыда үйреніп кеткен соң, тәуелділік пайда болады. Бұл орталық жүйке жүйесіне қатты әсер етеді. Жасөспірімдермен жұмыс жасап, оларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін сабырмен түсіндіру керек. Дәрігерлер токсикоманияны наркологиялық тәуелділіктің бір түрі деп санайды. Токсикоманияға шалдыққан науқастар иістерге қызығып болған соң, ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектерді мөлшерден тыс пайдалана бастайды. Өкінішке қарай, бүгінде трамадол сынды дәрілерді кей дәріханаларда заңсыз сатып жатқан оқиғалар көп. Руслан АЛИЕВ, ДӘРІГЕР-НАРКОЛОГ: Дәріханаларда ауыр препараттарды дәрігердің тағайындауынсыз сататын жағдайлармен өзім кезіктім. Науқастарымыз мұны жасырмайды. Олар 1-2 дәріден бастап, 30-50 дәріге дейін ішке қолданады. Науқастарды емдеудің бірнеше сатысы бар. Бірінші - организмді тазарту, сосын дәрі-дәрмекпен емдейміз, кейін оңалту процесі мен психологтармен жұмыс. Токсикомания кесірінен жүрек қан-тамыр жүйесі, бауыр өзгерістерге ұшырайды, бала туу функциясы бұзылып, кейінгі ұрпақ зардап шегеді. «Бұл қоғам дерті, тіпті, өлімге де әкеп соғады», - дейді мамандар. Сондықтан, әр адам өз өміріне жауапкершілікпен қарауы тиіс.