Ақтөбе қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде 64 жастағы жалғызбасты ер адам қараусыз қалған. Осылай деп оның көршілері дабыл қақты. Айтуларынша, зейнеткер ұзақ уақыттан бері төсекке таңылып жатыр. Оған қарайтын ешкім жоқ. Көршілері бос кезде келіп, тамақтандырып тұрған. «Бірақ, қарияның дәретке шығуға да шамасы келмейді. Пәтерден шыққан иіс қолқаны қабады. Жалғыз өзі азап шеккен жанды қамқорлыққа алса»,- дейді тұрғындар. Ал Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандарының айтуынша, туыстары мен жақындары жоқ адамдарға әлеуметтік қызметкер беріледі. Бірақ, ол үшін арнайы медициналық комиссиядан өту керек. Алайда, науқастың оған мүмкіндігі жоқ.