Түлкібаста 60 жастағы Шымкент тұрғынына қатысты үкім шықты. Ол жеті адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі деп танылды, деп хабарлайды аудандық соттың үкіміне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ. Жантүршігерлік оқиға былтыр 12 тамызға қараған түні болған. Іс материалдарындағы ақпарат бойынша, 60 жастағы жүргізуші жеке Mercedes-Benz Sprinter микроавтобусымен шымкенттік бір топ туысты, атап айтқанда 17 адамды Таразға тойға апаруға келіскен. Тойдан келе жатқанда сағат 02.30 шамасында Алматы-Ташкент тасжолында аудан орталығы Түлкібасқа кіреберісте автобус жүргізушісі тізгінде отырып, ұйықтап қалған. Салдарынан Mercedes-Benz Sprinter қарсы жолаққа шығып кетіп, бар жылдамдықпен келе жатқан Hyundai Elantra көлігіне соғылған. Соққыдан жеңіл көліктегі барлық жолаушы, жүргізуші қаза болды. Микроавтобустағы үш жолаушы қаза тапты. Mercedes-тегі тағы алты жолаушы әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айыпталушының өзі кінәсін толық мойындағанымен, жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге қаржылық мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Hyundai Elantra көлігінде қаза тапқандардың туыстары одан моральдық шығын үшін 50 миллион теңге өтемақы талап етті. Зардап шеккендер айыпталушыны кешірген жоқ. Сот айыпталушыны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді.