Туған жерге туыңды тік деп бабаларымыз бекер айтпағанына көз жеткіздім. Ресейден елге қоныс аударған Біржан Әбілдин осындай ой түйіпті. Жырақта жүріп, кіндік қаны тамған жердің қадырін сезінген. Енді елді өркендетуге өз үлесін қосуға бекініп отыр.Біржанның бала күнгі арманы шетелде жұмыс істеу болатын. Оқуын бітіре салысымен Ресейге барды. Тәжірибе жинап, мол табысқа кенелуді көздеді. Жағдайы түзелсе, тұрақтап қалмақшы да болды. Бес жылдан астам еңбек етті. Бірақ өзгерген ешнәрсе болмапты. Біржан ӘБІЛДИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Сол жерге опыт алайын деп барғанмын. Мысалы айырмашылықтар жоқ. Операторлары бәрі бірдей. Онша қатты деп айта алмаймын. Сол ақшаны да Қазақстанда табуға болады.Көрші елдегі саяси жағдай оның жұмысына да әсер еткен. Табысы тұрақсыздана бастады. Дүрбелең үдей түскенде күн көру емес, қауіпсіздік үшін қам жеген. Бірден елге оралуды ойлады. Қазір біржолата туған отанына көшіп келді. Біржан ӘБІЛДИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Ресейде кішкене қорқынышты болды. Түсініксіз жұмыс бола ма, болмай ма? Сондықтан Астанаға оралдым. Менің ойымша осында болған дұрыс болады. Астанада, Қазақстанда. Туыстарды көріп, достарымды көріп кішкене спокойно жүресің. Бас аман болса болды ғой. Тыныш. Енді Астанада мен оператор, анда-санда монтажер боп шығып тұрам. Біржан өз ісінің маманы. Сондықтан елімізде жұмыс табу да қиынға соқпаған. Қазір жарнамалық роликтерге тапсырыс қабылдап, еңбек етуде. Отбасын құрып, елді өркендетуге үлес қосуды мақсат етіп отыр. М. Қалиасқар