Телевизиялық шеберлік саласындағы «Тұмар – 2023» ұлттық телевизиялық бәйгесі 12 номинация бойынша байқау өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Байқаудың басты мақсаты – кәсіби қоғамдастықтың бағалау призмасы арқылы қазақстандық телевизиялық индустрияны дамытуды ынталандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін көрсету. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі биыл бәйгеге қатысуға 300-ге жуық өтінім келіп түскенін хабарлады. Ең көп өтінім «Үздік тележүргізуші», «Үздік тележурналист», «Үздік әлеуметтік жоба» номинациялары бойынша қабылданған. «Тұмар» ұлттық байқауына республикалық және аймақтық телеарналар, студиялар және кәсіби телевизиялық контент шығаратын компаниялар қатысты. Биыл алғаш рет «Үздік спорт комментаторы» және «Үздік журналистік зерттеу» номинациялары бойынша журналистер бағын сынайды. Марапаттау рәсімі қарсаңында қазылар алқасының мүшелері сыйлыққа үміткерлер тізімін жариялады. Олардың саны – 48. Естеріңізге сала кетейік, «Тұмар» ұлттық бәйгесінің марапаттау рәсімі 2023 жылы 4 шілде күні Астана қаласындағы «Қазмедиа орталығы» киноконцерт залында өтеді.