Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Ар-Риядта Дүниежүзілік жауынгерлік өнер ойындарының алғашқы жүлде жиынтығы сарапқа салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz.Еліміздің самбо құрамасы жарысты сәтті бастап, делегация қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Темірлан Көлбай (+88 кг) аса тартысты өткен ақтық айқаста сербиялық Владимир Гаичтен басым түсті. Осылайша, ол спорттың осы түрінен Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында топ жарған тұңғыш қазақ атанды. Темірлан күндіз жартылай финалда тәжірибелі Латвия өкілі Решкодан басым түскен."Қазіргі қуанышымды сөзбен жеткізе алмай тұрмын. Бүгін менің және бапкерлерімнің еңбегім ақталды. Мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Келесі айда өтетін әлем чемпионатынан алтынмен қайтсам деген мақсатым бар. Бұл жеңісімді, алтынымды Республика күніне арнаймын", - деді Темірлан марапаттау рәсімінен кейін.Ал жауынгерлік самбода финалға шыққан Асқар Абдулла (98 кг) Беларусь өкіліне жол беріп, күміспен күптелді. Асқар оның алдында америкалық және қырғызстандық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген.Сондай-ақ қола медаль жолында 71 кг дейінгі салмақтағы Сағыныш Әліпбай Беларусь палуанынан, Еламан Қойшыбаев Армения спортшысынан мықты екенін дәлелдеді. Ал Әділбек Сейісов жартылай финалда өзбекстандық самбошыдан жеңіліп, өз салмағында бірден 3-орын алды.Бүгін бозкілемге шыққан Асылжан Орынбасарова (65 кг) мен Айжан Жылқыбаева (64 кг) жүлдеге қол жеткізе алмады."Бүгін жекелей сында 11 салмақта үздіктер анықталды. Бізде соның жетеуінде жолдама болды. Нәтижесінде бес палуанымыз жүлдегерлер қатарынан көрінді. Тұңғыш чемпион шықты. Жалпы алғанда ұлттық құрама жақсы нәтиже көрсетті деп айта аламын. Енді ертең командалық сында медаль алуға барымызды саламыз", - деді самбодан бас бапкер Біржан Имаханов.Айта кетейік, осыған дейін қазақ самбошылары Бүкіләлемдік жауынгерлік өнер ойындарында бір ғана жүлде алған. Қытайдың астанасы Бейжіңдегі алғашқы жарыста Арман Сансербин (68 кг) финалда қарсыласына есе жіберген.