Шу қаласында жаңа қант зауыт салынады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Елімізде тағы бір қант зауытын салу мәселесі ұзақ уақыт талқыланып келді. Түріктің Konya компаниясымен бірлесіп Шуда қант зауыт салынады. Қазір аталған жобаны қарастырып жатырмыз. Қант саласын дамыту бағдарламасы 2025 жылға дейін өндірісті 270 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді», - деді Серік Жұманғарин Үкімет үйінде өткен брифинг барысында. Министрдің айтуынша, елімізде қант тапшылығына қатысты проблема туындамайды. «Өткен жылы елімізде 306 мың тонна қант өндірілді. Бұл өте жоғары нәтиже. Себебі бұған дейін көрсеткіш жылына 100 мыңнан сәл жоғары болған»- дейді ол. Айта кетсек, Әлихан Смайылов Үкімет отырысында тауарлардың көлемі мен бағасын ерекше бақылауда ұстау қажеттігін тапсырған еді. Сонымен қатар Премьер-Министр азық-түлік бағасына қатысты әкімдіктердің тиімді жұмысын сынға алды.