Түркиядағы зілзала салдарынан 5 мыңнан аса адам көз жұмды. Жараланғандар саны 20 мыңға жуықтады. Мамандар бұл көрсеткіш еселеп артуы мүмкін дейді. Елде тулар төмен түсіріліп, 7 күндік ұлттық аза тұту жарияланды. Зілзаладан зардап шеккендерге жан-жақтан көмек көрсетілуде. Қазақстандық құтқарушылар да Түркияға жетті. Толығырақ тілшіміз Сүндет Оралбеков баяндайды.Күні кеше Анадолы халқы тыныш ұйқысынан селк етіп оянды. Таңғы сағат 4-тер шамасында Түркияның оңтүстігінде 7,8 балдық жер сілкінісі орын алды. Араға 9 сағат салып 7,6 балдық жер дүмпуі тағы болды. Түнгі 23:31 де 7,5 балдық үшінші толқын болды. Зілзала салдарынан 5000-ға жуық ғимарат қирап, 8000 мың адам аман құтқарылды. 380000 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір жағдай қалыпқа түсіп келе жатыр, бірақ халықта үрей басым дейді Алания қаласында жүрген отандасымыз. Данияр ЕСЕН, ЖУРНАЛИСТ: Бәрібір үрейлі халық. Өйткені, кейбіреулер тіпті үйлеріне кірмей далада, түнгі уақыттарын далада өткізіп, сондай әрекеттер жасап жатыр. Барлықтарының қолдарында құжаттары, барлығы шыны керек дайын отыр десек те болады кез-келген оқыс оқиғаға. Бүгін елімізден Түрік бауырларға көмек қолын созу үшін құтқарушы топ ұшып барды. Бортта ұшқыштармен қоса, министрдің бірінші орынбасары бастаған Төтенше жағдайлар министрлігінің үш өкілі бар. Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Топта 41 құтқарушылар бар. Оның ішінде біздің дәрігерлеріміз бар, арнайы қызметтік иттермен осы топтарды жабдықтандырғанбыз. Барғаннан кейін біз 14 күнге дейін автономно жұмыс жасауға дайынбыз. Ақтөбеден де Түркиядағы жағдайға байланысты медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлер барды. Әсия ТІРЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Көпсалалы біздің ауруханалардан мамандар алынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандары алынды. Хирург, травматолог, анестезолог, нейрохирург, реаниматолог мамандардан тізім құрылды. Қазір Түркияда 75 мың қазақстандық болуы мүмкін. Оның 968-і ғана консулдық есепке тіркелген. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі отандастарымызға көмек көрсетілгенін айтты. Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Мерсин қаласындағы құрметті консул Түркия азаматы Ахмет Будан қонақүйде Қазақстанның 25 азаматын, оның ішінде 19 студентті панамен қамтамасыз етті. Бүгін осы 19 қазақстандық студент құрметті консулдың ұйымдастыруымен Анкараға жеткізілді. Және олар бүгін кешке Анкара-Астана рейсімен Қазақстанға қайтады. Түркияға 14 елден 3294 құтқарушы көмекке келіп, іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуде. Естеріңізге сала кетейік, бұл зілзала 84 жылдан бергі ең үлкен апат. С. Оралбеков