Одессадан Түркияға бет алған Pallada жүк кемесі Қара теңіздегі дауыл кезінде жағаға шығып, кеме қақ ортасынан екіге бөлініп қалған. Оқиға орнынан түсірілген кадрлар БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланды. Milliyet түрік басылымының жазуынша, жүк кемесі Түркияның солтүстігіндегі Зонгулдак провинциясының Эрегли аймағына қарай жылжып, жағасына жақындаған. Апат кезінде толқынның биіктігі шамамен 5 метрге жеткен. Бортта 13 адамнан тұратын экипаж болған. Экипаж мүшелері эвакуацияланған және олардың арасында зардап шеккендер жоқ. "19 қарашада сағат 10:00-де Бас іздестіру және құтқару жұмыстарын үйлестіру орталығына апат туралы қоңырау түсті. Тексеруден кейін Камерун туы бар Pallada кемесі дауыл салдарынан зақымданып, Эреглиде су жағасына шығып қалғаны анықталды. Біздің орталықтың көмегімен кемедегі барлық 13 экипаж мүшесі эвакуацияланды", - делінген Түркияның теңіз істері бас басқармасының хабарламасында. Түркияның Anadolu агенттігінің хабарынша, Эрегли портының басшылығы дауылға байланысты порттан шығып кеткен Kafkametler атты түрік кемесімен байланыс орнатуға тырысуда. Ол Ресейден шығып Түркияның Измир қаласына қарай жол тартқан. Бұл кемеде 12 экипаж мүшесі бар, барлығы Түркия азаматтары.