Түркияның Хатай қаласында Астана уақытымен 21:53-те Дефне ауылының маңында 5 балдық жаңа жер сілкінісі тіркелді. Сілкініс ошағы 9,76 шақырым тереңдікте болған, деп хабарлайды Zakon.kz.Қала губернаторы Рахми Доган зардап шеккендер жоқ екенін айтты. "Жер сілкінісі салдарынан бұрын зақымданған бірнеше ғимараттың қирауынан басқа айтарлықтай жағдай жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, қирандылар астында қалғандар жоқ", - деп келтіреді Сабах газеті губернатордың сөзін. Оның айтуынша, жасақтар жер сілкінісінен кейін провинцияны зерттеп-тексеруді жалғастырып жатыр.Түркияда 6 ақпан күнгі жер сілкінісі кейінгі мәліметтер бойынша 43,5 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Апат аймағынан 448 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Полицейлердің мәліметінше, 564 адам жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарда үй салу нормаларын бұзды деген күдікке ілінген. Олардың 160-ы қамауға алынды. Күдіктілердің кейбірі әлі іздестіріліп жатыр. 20 ақпанда Түркияның Сириямен шекарасында магнитудасы 6,4 болатын жаңа жерасты дүмпуі тіркелді.