Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Түркияда болған жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқан қазақстандық құтқарушылар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Сонымен қатар, Түркияның құтқару операциясына қатысқандардың барлығына алғыс хаттар табысталды. Толығырақ тілшіміз Сүндет Оралбеков тарқатсын.Құтқарушыларға, медицина қызметкерлеріне, кинологтар мен авиация мамандарына, жалпы саны 112 адамға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды. Оның ішінде Айдын Жоламановқа ІI дәрежелі «Айбын» ордені табысталды. Айдын ЖОЛАМАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ: Бізге 7 қабатты үйде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Ол үйдің түгі қалмай қираған. Тірі қалған жанның жоқ екенін білдік. Үйінді астында шамамен 20-дан астам адамның денесі бар деп болжанды. Біз 25 мәйітті алып шықтық. Дәрігер Алмагүл Алдабекова мұндай ірі апаттарға теориялық тұрғыдан дайын болғанмен практика тұрғысында өз көзіңмен көру мүлдем қиын екенін айтады. Бірақ, барынша тырысып, тиісті көмекті көрсеткен. Алмагүл АЛДАБЕКОВА, ДӘРІГЕР: Бар шамамызбен көмекті жасадық. Медициналық көмек, психикалық, моральдық көмек жасадық. Түркияның адамдары бізге риза болып, рахметін айтты. Өзім ойлаймын, жақсы жұмыс жасадық деп. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин құтқарушыларды марапаттап, жақын арада ведомство қызметкерлерінің жалақысы өсетінін атап өтті. Юрий ИЛЬИН, ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ: Үкіметтің қаулысына сәйкес, бізде жалақы өсіп жатыр. Басшылық құрамның еңбекақысы төменгі мөлшермен өсетін болса, жалпы құрам қызметкерлерінің жалақысы бірден 70%-ға дейін ұлғаяды. Қызметкер алғашқы кезеңде шамамен 110 мың теңге алады. Енді олар 179-180 мың теңге көлемінде алады деп үміттенеміз. Қазақстандық құтқарушылар Түркияда үш провинция аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Атап айтсақ, Нурдагы ауданында, Газиантеп және Хатай қалаларында азаматтарды үйінділерден шығаруға атсалысты. Сонымен бірге Қахраманмараш провинциясына үздіксіз гуманитарлық көмек жеткізіп отырды.