Түркістан облысында 10 жастағы бала көшедегі дәретхана шұңқырына құлап кеткен інісін аман алып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.Облыстық төтенше жағдайлар департаменті оқушыға ерлігі үшін алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.Оқушының аты-жөні - Нұрәлі Өскенбай, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданынан. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оның інісі үйдің ауласында ойнап жүріп, көшедегі әжетхананың шұңқырына құлап кеткен. Бір жасар сәбидің анасы Айзада Сарман үлкен ұлын көмекке шақырған. Ол оның белдігіне арқан байлап, ұлын дәретхананың шұңқырына түсіре бастады. Нұрәлі інісін көтеріп үлгерді."Баланың ерлігі елеусіз қалмады, үлгі аларлық ісі үшін 4-сынып оқушысы Нұрәлі Өскенбай төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешевтің алғыс хатымен және сыйлықтарымен марапатталды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.Сәбиді құтқару сәтінде түсірілген видеода Нұрәлінің анасы үлкен ұлына інісін аман алып қалғаны үшін алғыс айтып жатқанын көруге болады."Батырсың сен, "Қорықпа" деп айттым ғой саған. Бауырыңды құтқардың", - деп жатыр анасы.