Жыл басынан бері Түркістан облысында 41 адам суға кеткен, оның 80% - балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, судағы қайғылы жағдайлардың басты себептері - халықтың және балалардың судағы қауіпсіздікті жете түсінбеуі. Бұл бағытта төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері арнайы мониторинг жүргізген. Нәтижесінде суға бату оқиғалары негізінен елдімекен ішінен және елдімекенге жақын өтетін бетондалған каналдарда болатыны анықталған. «Бұл мәселе облыс әкімдігінің жіті бақылауына алынып, бетондалған каналдарға, арақашықтығы 500 метрді құрайтын қауіпсіздік баспалдақтарын және баспалдақтардың тұсына 4 метрден құтқару арқандары орнатылып жатыр. Сондай-ақ, 16 азаматты қоғамдық құтқару бекеттеріне оқыту жүргізілді», - дейді Түркістан облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Оразбай Айтқұлов. Облыс аумағында суға түсуге рұқсат етілмеген орындарда департаментпен және аудандық, қалалық әкімдіктермен бірлесіп тиісті іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Төтенше жағдай бөлімдері мен басқармалары тарапынан 2624 қызметкер тартыла отырып, 1172 рейд жүргізілген. Нәтижесінде құзырлы органдар арқылы 141 жеке тұлғаға 1 725 000 теңге айыппұл салынды. Адамдардың суға кетуінің алдын алу және болдырмау мақсатында жұмыспен қамту орталықтары арқылы 43 адам жұмысқа қабылданып, даярлықтан өтті. Бұл азаматтар судағы және өрт қауіпсіздігі бойынша жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, арнайы және ресми халық шомылатын орын жоқ елдімекендерде модульді-каркасты бассейндер сатып алынып, тегін және қауіпсіз шомылуға мүмкіндік жасалып жатыр. Тек бүгінгі күнге дейін жеке кәсіпкерлердің қолдауымен өңірде 15 каркасты бассейн сатып алынып, ауыл әкімдіктері арқылы орнатылған. Сондай-ақ, 790 бала жүзуді үйренген.