Түркістан облысында аю жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Үлкен қоңыр түсті аю Боралдай тауының Бәйдібек ауданына қарасты аумағында фотоқақпанға түсіп қалған. Сурет көмескілеу болса да аюдың бейнесін анық көруге көрінеді. «Көптен бері ізі мен тезегін әр жерге тастап кетіп жүрген «жұмбақ» аю 13 тамыз күні фотоқақпанға түсті. Бұл «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Боралдай филиалына қарасты ерекше қорғалатын табиғи аумақ учаскесі болып табылады. Қысқасы аюдың мекендеу ортасы Бәйдібек ауданына дейін кеңейді. Алдағы уақытта аюдың түр-түсі мен өзге де ерекшеліктері анықталатын болады» - деп жазды «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі КММ» Боралдай филиалының директоры Бақытжан Қырықбай Facebook-тегі парақшасында.