Түркістан облысы мен Шымкент қаласында мал баққан ағайын көктем шықса төрт түлікті қайда жаямыз деп уайымдап отыр. Жер көгерсе өріске шығатын малдың еркін жүруіне мүмкіндік аз. Көп ауылдың айналасын жер иелері пайдаланса да, пайдаланбаса да қоршап, ор қазып тастаған.Келес ауданынында мал басына шаққанда 165 мың гектар жер жетіспейді. Төрт түліктің өрісі кезінде талан-таражға түскен. Дені- жекенің меншігінде. Ал екі ауылдық округте мал жаятын жер мүлдем қалмаған. Орынбасар ҚАЛЫМБЕТОВ, ЖАҢАҚОНЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мына жанымыздың бәрі огород, анау-мынау... Содан кейін қырға шығарып жаямыз, 5-6 шақырым ұзақта жайылымымыз. Балалар барады, өзіміз барамыз, кезекпен бағады. Ауылдың ішінде жайылым жер тар. Жайылымдық жер Сарыағаш ауданы тұрғындары үшін де өзекті. Бос жатқан жерді халыққа қайтару жұмыстары біршама қарқын алған. Тұрап БӨБЕКБАЕВ, САРЫАҒАШ АУДАНЫ ТАСКЕСКЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бізде әзір жастар көбейіп жатыр. Олар еншісін алып бөлек шығып жатыр. Жаңа үй салып жатыр. Олар да мал баққысы келеді, оларға да жер керек. Сол үшін мал ұстағысы келеді, жағдайын жасау үшін. Біраз жайылым жерлерімізді және бос жатқан жерлерді қайтарып берсе, сол ауылымыздың үлесіне және үлес қосылар еді. Жайылымдық жердің тапшы екенін жергілікті билік өкілдері біледі. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде мың гектардан астам жер телімі ортақ пайдалануға енгізілген. Соның өзінде де өріс тар. Кейбір телімдер сот арқылы қайтарылмақ. Нұржан КӨКЕЕВ, САРЫАҒАШ АУДАНДЫҚ ЖЕР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Дарбаза ауыл әкімшілігі аумағындағы үш тұлғаны жерін бергенбіз, жайылым жерін қайтарып алуға. Ол да да иелері бұл Сарыағаш ауданында тұрмайды. Түркістан облысында тұрмайды. Ол Алматы қаласының, Тараз қаласының тұрғындары уақытысында алған 2008-2009 жылдары. Олардың малы тіркелмеген. Сол жерлерді қайтарып алу қазір сотта қаралып жатыр. Ал Шымкенттің іргесіндегі Көкбұлақ елдімекені тұрғындары малымды қайда жаямын деп енді бас ауыртпайды. Өндірістік кооперативтің еншісінде болған 600 гектардан астам жер жуырда мемлекетке қайтарылды. Мырзақасым ЖИЕНБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Айран, сүт ішкісі келеді енді. Мал басын көбейткісі келеді. Сондықтан осы жер мәселесі проблема боп жатқан. Қазіргі таңда 603 га жерді, міне, мемлекет бізге қайтарып беріп жатыр. Сондықтан енді келешекте барлығы дұрыс болады деген ойдамыз. Шымкенттің төңірегінде тағы 3 мың гектарға жуық жерді мемлекетке қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Шаруа қожалық пен өндірістік кооператив басшыларына тиісті хабарламалар берілген деді қалалық Сәулет қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының өкілдері. Бір жылдың ішінде игермеген жағдайда жер ресурстары департаменті тарапынан мемлекетке кері қайтарылады. А. Төребекқызы