Жетісайлық шаруалар қырыққабаттың алғашқы өнімін экспорттауды бастады.Жолдасбай Ералиев ауылдық округіндегі «Мырза ата» шаруа қожалығы қырыққабаттың алғашқы өнімін көршілес Ресей еліне экспорттап жатыр, деп хабарлайды Қазақпарат.Қожалық төрағасы Әбдіжаппар Мырзаевтың айтуынша, биыл өнім жақсы, баға да жоғары. Мейрамханалар мен дәмханаларда сұраныс артқан. Қазірдің өзінде егістік басынан келісін 175 теңгеден алып кетіп жатқандар көп.«Соңғы бірнеше жылдан бері 60 күнде пісіп жетілетін қырыққабаттың «макако» сортын егіп келемін. Биыл алғашқы өнімді Ресейге жібердік. Жергілікті тұрғындарды маусымдық жұмыстарға тартамыз. Қырыққабат піскен кезде жинап береді. Ал, сатып алушылар алқаптан көлікке тиеп алып кетіп жатыр. Өнім жақсы» - дейді шаруа.Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұртас Тұрсынбековтың айтуынша, биыл 1200 гектар аумаққа қырыққабаттың ерте пісетін «Зарисма», «Валикор», «Магнус», «Кевин Фарао», «Ринда», «Заказ», «Макако» сорттары егілген. Болжам бойынша 36 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр.«Былтыр аудан шаруалары 1200 мың гектар жерге қырыққабат дақылын егіп, мол өнім алды. Негізінен ерте пісетін қырыққабат өнімінің басым бөлігі Ресей, Беларусь және Еуропа елдеріне экспортталған болатын. Биыл ауданда 79,2 мың гектар аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Оның ішінде 42 мың гектарға мақта, 19 мың гектар алқапқа бақша, 3,5 мың гектар жерге көкөніс пен 14 мың гектарға мал азығы дақылдарын егу жоспарланып отыр» - деді Нұртас Тұрсынбеков.Бүгінде Келес ауданының шаруалары да қырыққабат жинап жатыр. Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Лесбек батыр ауылының тұрғыны Нұрмұхаммед Омаров 15 жылдан бері бау-бақша егумен айналысады. Биыл шаруа 1 гектар суармалы егістік алқабына қырыққабат егіп, 20 тонна өнім алды. Қазір дайын өнімді Астана, Алматы, Шымкент қалаларының сауда орындарына жөнелтіп жатыр.Ал, «Әділбек-Е» ЖШС 20 гектар аумаққа қаңтар айында қырыққабаттың ерте пісетін «Фарао» сортын еккен болатын. Бүгінде несібесін жер анадан жиған диқандар ашық алқаптан жылына 2 немесе 3 рет өнім алуды жоспарлап отыр.