Түркістан облысының прокуратурасы Төлеби ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады. Олар ауданның арнайы жер қорындағы тартымды жер учаскелерін заңсыз актілерді рәсімдеу арқылы ұсынған деп айыпталуда.Атап айтқанда, ауданның жер қатынастары бөлімінің басшысы өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, осы бөлімнің бұрынғы басшысымен алдын ала сөз байласу арқылы 200 га астам құнарлы жер учаскелерін заңсыз рәсімдеді деп күтіктелуде. Жер телімдерінің нарықтық құны 326 млн теңгені құрайтыны мәлім етілген. Түркістан облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталып отырған күдіктілерді уақытша ұстау изоляторына қамады. «Қазіргі таңда аталған қылмысқа басқа да тұлғалардың қатыстылығын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - делінген өңір прокуратурасының хабарламасында.