Түркістан облыстық №1 перзентхананың бас дәрігері мен есепшісі пара алу және мемлекет мүлкін жымқыру бабы бойынша сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.Сот алдына бас дәрігер мен есепшіден бөлек, пара беру және бөтеннің мүлкін жымқырды деп айыпталған екі кәсіпкер де жауап берді. "Құны шамамен 13 миллион теңге тұратын жылу қазандығы мемлекеттік сатып алу туралы шартта 15 миллионға бағаланған. Іс бойынша делдал ЖШС басшысы болып шықты. Мемлекет қаржысының аударылуы бойынша тергеу басталып, қылмыстық іс қаралды", – деді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Айнель Орақбаева. Сотталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Іс бойынша төрт айыпталушыға да айыппұл салынды. Сотталушы бұрынғы бас дәрігер мен есепші мемлекетке әрқайсысы 27 миллион теңгеден, ал кәсіпкерлер 15 және 20 миллион теңгеден төлеуі тиіс. "Барлығы өз кінәсін толық мойындап, іс бойынша дәлелдемелерді дауламады және жеделдетілген тергеу түріндегі арыз берді. Сотта олар жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Сондықтан сот төртеуіне де айыппұл салды", – делінген сот хабарламасында.