Түркістан облысында орналасқан жылыту бекеттеріне тәулік бойы кезекшілік қойылды, деп хабарлайды Kazinform. Өңірдегі облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 4 жылыту бекеті орналасқан. Онда ауа райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған жолаушылар уақытша тұрақтап, ыстық тамақ ішіп, жылына алады. Атап айтқанда, Бәйдібек ауданында – Шыбықбел және Одаманбұлақ, Созақ ауданында – Ащысай мен Таскөмірсай жылыту бекеттері бар. Аталған бекеттер бір мезгілде 40 адамды қабылдай алады. Яғни, төсек орынмен және азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Бүгінде мұнда 70 тонна көмір жеткізіліп, тәулік бойы кезекшілік қойылған. Түркістан облысы аумағындағы жалпы пайдаланымдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы - 3 983,34 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 943,3 шақырымы - қардан тазаланып, инертті материалдар себілетін жолдар болса, 434 шақырымы - қар басып қалу қауіпі жоғары таулы аймақтар. Автомобиль жолдарын дер кезінде тазалап, көк тайғақтың алдын алу мақсатында өңірде 5 588 текше метр құм және 417 тонна тұз әзірленген. Бүгінгі таңда инертті материалдар аудан-қалалардағы қоймаларға жиналған. Арнайы техникаларға қажетті жанар-жағармай отынымен қамтамасыз ету жұмыстары бойынша 180 тонна дизель, 150 тонна бензин отыны дайындалған.