Түркістан облысындағы жылыжайларда лимон пісті, деп хабарлайды Kazinform.Түркістан облысында лимон өсіру кең етек ала бастады. Арнайы жылыжайда өсіріліп жатқан тропикалық жеміс қыс ортасында пісіп, мол өнім беріп жатыр. Мәселен, Сарыағаштағы «Даян» шаруа қожалығының иесі Оспанәлі Таңсықбаевтың лимон өсіруді қолға алғанына биыл 10 жылға жуық уақыт болды. 60 соттық жерге 640 лимон ағашын отырғызған шаруа күні-түні күтім жасап, баптады. Тамыр жаюын тәулік бойы бақылады. Ерен еңбектің нәтижесінде тропикалық белдеуде ғана өсетін жеміс ағашы Сарыағаш топырағына жерсінді. Бүгінгі күні шаруа лимон алқабынан мол өнім алып отыр.«Қазір далада күн суық. Ал жылыжай ішіне кірсеңіз жып- жылы. Лимон өсіп тұр. Иісінің өзі керемет» - дейді Оспанәлі Таңсықбаев. Жалпы Таңсықбаевтардың отбасылық кәсібі көл-көсір пайдаға кенелтіп отыр. Шаруашылықтың жұмысымен ағайынды екеуі айналысады. Ал терім науқанында онға жуық тұрғынды жұмысқа алады. Сату ісімен де шаруаның өзі шұғылданады. Мәскеу, Алматы, Астанаға дейін барып, сатып келген кездері бар. Одан бөлек, КамАзбен келіп артып кететін алыпсатарлар да көп. Ал ордабасылық шаруа Бақытжан Отанбаев 5 гектар жерден 40 тоннадан астам өнім жинады. Қазір лимондарды алыс-жақын қалаларға саудаға шығарып жатыр.«Елнұр-Айдар» шаруа қожалығына қарасты 5 гектар жер телімінің 4 гектарына алма, 0,5 гектарына лимон, ал қалған алқапқа құлпынай ектік. Жылыжайға 707 дана лимон, 6 мың түп қызыл алманың көшетін отырғыздық. Қазір 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз», - дейді шаруа.