Түркістан облыстық ПД басшылығы жол апаты кезінде жолаушыларды құтқарған екі азаматты марапаттады.«17 шілдеде Ұланбел – Созақ – Шолаққорған – Екпінді тас жолының Шыбыт – Шаян елді мекенінің аралығында 3 көліктің соқтығысуымен ірі жол апаты болды. Соның салдарынан 10 адам мезгілсіз қаза тауып, 12 адам жарақат алды. Қайғылы оқиға кезінде азаматтық танытып, өзгелердің жанын арашалай білген қайсар жандар болмағанда, құрбандар саны көп болуы мүмкін еді», - делінген хабарламада. Сол күні апатқа ұшыраған көліктерің ішінде болған Мұрат Есенқабылов пен Бақытжан Көксубай қасындағы жүргізушілер мен жолаушыларды құтқаруда көзсіз батырлық танытқан. «Олардың адам өмірін арашалаудағы батылдығы бен жанқиярлығын қоғам жоғары бағалады. Түркістан облысы ПД бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтпаев өз бастарын қатерге тіге отырып, өзгеге жәрдем берген екі тұрғынды арнайы қабылдап, марапаттау шарасын өткізді», - делінген хабарламада. Басқаларға үлгі боларлық батылдық жасаған үлкен жүректі азаматтарға барша полицейлер атынан ризашылық білдіріп, Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарын табыстады. Тақырыпқа орай: Түркістан облысында жол апатынан 9 адам қаза тапты Ірі жол-көлік оқиғасын көздерімен көріп, куәгер болған азаматтар оқиғаның мән-жайына тоқталды. Сол сәтте тек зардап шеккен азаматтарға көмектесуді ойлағанын жеткізді. Елімізде мұндай жол апаты болмауын тілеп, жүргізушілерден жол ережесін сақтауды өтінді.