Түркі халықтарының өкілдері – атажұртта бас қосты. Түркістанда 2 күнге жалғасқан Орталық Азия Мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы аяқталды. Шараға елімізден өзге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан Парламенттері Палаталарының басшылары қатысты. Алдымен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жойқын зілзаладан зардап шеккен бауырлас түрік халқына көңіл айтты. Әрі қарай Сенат Спикері Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға қатысушыларға арналған Үндеуін оқыды. "Мемлекет басшысы Орталық Азияның ортақ рухани мұрасын сақтау және біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыру үшін гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа қарқынмен жандандыру маңызды" делінген Үндеуде. Заң шығару органдарының өкілдері бірегей алаңда парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттары мен біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамыту жайын талқылады. Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев ынтымақтастықтың негізгі 5 бағытына тоқталып, форумның маңызын атап өтті.Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бүгінгі форум тарихы мен тамыры бір, діні мен мәдениеті ортақ, Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығын арттыру жолында айрықша маңызға ие. Шын мәнінде мұндай алаңдар біздің халықтарымыздың бауырластық пен достығын, одан әрі нығайтуға үлкен үлес қосады. Сондықтан бүгінгі жиынымыз мазмұнды әрі нәтижелі болады деп сенемін. Форум аясында Түркістан декларациясы қабылданды. Орта Азия мемлекеттерінің бірлігін сақтау, іскерлік, бауырластық қарым-қатынасты нығайта түсетін алаңда бас қосқан 5 мемлекет әр елдің даму жолы, өзіндік тәжірибесін ескеріп, өзара кеңесіп, келісіп отырудан ұтарымыз көп деген ортақ ой түйді. Марлен МАМАТАЛИЕВ, ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫ ЖОҒАРҒЫ КЕҢЕСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Қырғызстан тарапы бүгінгі форумда ГЭС құрылысын салу мәселесін көтеріп отырмыз. Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы туризмді дамыту мақсатында Шолпон Ата мен Алматы арасында жол салу жайын көтердік. Бұдан бөлек екі ел арасындағы сауда саттықты дамыту, шекарадан өту мәселелерін жеңілдетуді қамтимыз. Р. Бақытжанқызы