Түркістандық көпбалалы ана Адолат Алтешова аттың құлағында ойнайды. Жылқы баптайтын ерекше өнерімен өңірге танымал. Жастайынан ат жалын тартып мінген келіншек тақымы мықты талай көкпаршыға дес бермеген. Талай тартысты додада жүлдесіз қайтпаған шабандоз жайында келесі бейнематериалда.Адолат Алтешова бала кезден талай асауға құрық салып, тұлпар тақымдап өскен. Көкпарға қызығушылығы ана сүтімен берілсе керек. Айтуынша, өзі құрсақта жатқанда анасы да көкпар тартыпты. Жылқы малын жанына серік еткен Адолаттың өзі де 4 жасынан ат құлағында ойнап, қыз қуу секілді ұлттық ойындарға талай қатысқан. Адолат АЛТЕШОВА, СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен шешемнің ішінде жатып, атқа мінгенмін десем болады. Содан бері туғаннан кейін әкем атқа үйретті үш жасыма дейін. Одан бес жасымнан өзім міндім. Өзі әкем сол көкпарға тәрбиелеген мені кішкентайымнан. Ұлдай көріп, ұлдай өсірген. Енді осы күнге дейін Алланың бергені сол жылқымен айналысамыз. Адолат бәйгелерде алдына қара салдырмайды. Алғаш 13 жасында қанжығасы алғаш майланған кезі әлі есінде. Мұнан кейін де талай жүлделі орыннан көрінген. Ол қазір отбасымен ағылшын жылқыларын баптап жүр. Бие байлайды. Алты баланың анасы ерлерге тән кәсіпті игергенін жан жары да үнемі қолдап жүретінін айтады. Халық ӘБІШЕВ, СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Құмарлық қой атқа, жылқыға. Мен өзім де құмармын. Бала-шағамызбен мысалыға, мен үшін қуаныш шынын айтқанда. Ол мақтаныш емес ешқандай. Қыз баласы болсын, қандай жағдай болғанда да мінуге тура келеді ғой. Шабандоз келіншектің отбасы ауылда жылқы фермасын ашып, көкпарға сәйгүлік баптауды кәсіп қылып жүр. Олардың ұлдары да аттың құлағында ойнайды. Ерлі- зайыптылар болашақта ауыл балаларын ұлттық спортқа баулып, бәйге шауып, көкпар тартатын нағыз шабандоздарды тәрбиелеп шығаруды армандайды.