Жетісайлық шаруалар көктемгі егінді бастай алмай отыр. Ауданда 2500 гектар жер сорын шаймақ түгілі әлі алғашқы суын алып үлгермеген. Себебі, көрші елден келетін су мөлшері азайып кеткен. Бұдан бөлек каналдарға жүргізілген жөндеудің сапасыздығы да тірлікке кері әсерін тигізіп тұрғанын айтады.Судан тарығып отырғандардың дені -Жетісайдағы Мақталы ауылдық округінің шаруалары. Мұнда әлі суарылмаған 1400 гектардай жер бар. Алқапты бір ай бұрын дайындап қойса да, әлі жұмыс бастай алмай отыр. Оспан АСАНОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНДЫҚ ФЕРМЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Кепкен соң мен майдың ақырында ексем соры көтеріліп кетеді, күн бірден ысиды, шит шықпай қалады, жата береді. Оған кім кінәлі болады. 25-30 жыл болды келе жатқаныма оның бәрін білемін. Мен соған шырылдаймын ғой... Диқандардың сөзінше, биыл тіршілік нәрі шамамен бір - бір жарым айға кеш берілген. Аудандағылар мәселеден хабардар. Жағдайдың күрделеніп тұрғаны көрші елдерге байланысты дейді. Тұрышбек ЕЛШІБЕК ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тәжікстан 1 аптаға жуық су бермей қойды, одан Өзбекстан...Өйткені барлығы бірге суарды көрші республикалар. Сол себептен су жетпеді. Бізге 120 куб су келуі керек еді, өкінішке орай ол су келмеді, 90 куб келді. Шаруалар каналдан тиісті деңгейде су ала алмай отырғандарын айтады. 2012-2018 жылдары мемлекеттік қазына есебінен 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, жөндеуден өткен арнаның қазіргі сиқы осы. Бауыржан Мырзабасовтың айтуынша, каналды жөндегенде тиісті талаптар сақталмаған. Бауыржан МЫРЗАБАСОВ, ШАРУА: Судың бері қарай зәктеп ұруы мына диханшылықты құртады. 10-15 сотығымызды жоқ қылады, зәктеп ұрып тас қылып қатырып тастайды бұл жерді. Егіп қойған егіннің бәрі қатып,сарғайып өледі. Сапасыз құрылыстың салдарынан енді аудандағы жүздеген диқан зардап шегіп отыр. Жағдайға жақсы қанық мамандар да мәселенің көбін жасырмайды. Орынбасар ТАСТАНОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ТОФ ЖЕТІСАЙ ӨНДІРІСТІК БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: 6 млрд 78 млн теңге қаражат бөлініп, оның 3,6 млрд теңгесін «Кернеу» ЖШС қаржы жұмсап, 2,4 млрды қап кеткен. 89 отводтың ішкі жүйенің 25-нің кернеу істеді, 28-і сапасыз салынған. Әсіресе, жоғары жақтағыларға қиын. Себебі, төмендегі тоғандар суды ұстауға шыдас бермегендіктен барлығына бірдей су жетпейді. Амалдың жоқтығынан олар арнайы мотормен лаждауға мәжбүр.