Түрмеде отырған 1 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді. Бұл туралы ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов айтты.«Қазақстанда 35 мыңнан астам адам түрмеде отыр. Олардың шамамен 10 пайызы, яғни 3 мыңнан астамы есірткі қылмысын жасағаны үшін бас бостандығынан айыру орнына қамалған. Ал олардың ішінде 1 мыңнан астамы есірткіге тәуелді. Ал 2 мыңы есірткіге тәуелді емес, сатумен айналысқандар. Бас бостандығынан айыру орындарында медициналық бөлім бар. Олар сол жерде ем алады. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде дөңгелек үстел барысында. Оның атап өтуінше, 2016 жылдан бері Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар сынды бағдарламалық құжат болмаған. Соңғы құжат 2012-2016 жылдарға арналған. Содан кейін мемлекеттік ауқымдағы мұндай құжат қабылданбаған. «Жағдайдың өзі жастардың (есірткіге) бейім екендігін көрсетіп отыр. Есірткіге тәуелділер көп, қылмыстық жауапкершілікке де жиі тартылып жатыр. Сондықтан да бұл дер уақытында қабылданған іс-шара. Біз таяу үш жылдың ішінде межеленген барлық тармақты жүзеге асырып, елдегі есірткіге қатысты ахуалды тұрақтандыруымыз қажет», - деді Бақытжан Әмірханов.