Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы фототұзаққа 5 үлкен Тянь-Шань қоңыр аюлары және 3 қонжық түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында құрылған фототұзақтарға сәуір айының 6-сы мен қыркүйек айының 6-сы аралығында 5 үлкен Тянь-Шань қоңыр аюлары және 3 қонжық түскен, - делінген комитет хабарламасында. Естеріңізге сала кетейік, аюлардың бұл түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Соңғы жылдары ұлттық парк аумағында аталмыш жыртқыш жиі кездеседі. Санақ жұмыстарының нәтижесінде Жоңғар Алатауында Тянь-Шань қоңыр аюларының санының жыл сайын артқаны байқалады.