Қатар билігі өткен жылы Дохада тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған Үндістанның сегіз азаматын өлім жазасына кесті, деп хабарлайды Zakon.kz.27 қазанда CNN арнасының хабарлауынша, Үндістан Сыртқы істер министрлігі Қатар билігінің шешіміне "қатты қайран қалғанын" және олармен сот үкіміне қатысты келіссөздер жүргізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. "Біз сотталғандардың отбасы мүшелерімен және олардың заңгерлерімен хабар алмасып отырмыз. Біз ықтимал құқықтық шешімдерді зерттеп жатырмыз", – деді Үндістан Сыртқы істер министрлігі. Қатар үкіметі журналистерге ресми түсініктеме бермеді. Сотталған үндістерді жұмысқа алған "әл-Дахра" компаниясы да өтініштерге жауап бермеген.Өлім жазасына кесілгендер – Үндістан теңіз флотының бұрынғы қызметкерлері. Үндістан тарапының айтуынша, олар Дохада Қатар Әскери-теңіз күштерінің теңізшілерін оқытып, нұсқаушы болып жұмыс істеген. Олар 2022 жылдың тамызында "тыңшылық жасады" деген күдікпен ұсталған. Сотталған сегіз адамның жетеуі басшылық қызмет атқарса, тек біреуі қатардағы матрос болған. Қатардағы жұмыс күшінің 95%-ы шетелдіктер, олардың жалпы саны 2 миллион адамнан асады. Елде он мыңдаған Үндістан азаматы жұмыс істейді.